Осыдан 10-15 күн бұрын Алматыдағы Думан шағын ауданының тұрғындары құбырдан аққан су үйімізді басып қалды деп шағымданған болатын.Беймезгіл жарылған құбырдан аққан су тау бөктеріне жақын орналасқан екі үйді шарпып өтіп көшелерді басып қалған.Тұрғындардың айтуынша үйлердің су ортасында қалуына көшелердегі арықтардың бітелуі себеп болған,-деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Арықтардың бірі балшықпен бітелсе, енді бірін цементпен жолға жауапты мамандар жауып тастапты. Таудың етегінде орналасқан үйлерде жаңбыр жауса немесе әлгіндей тосын жағдай бола қалса арықтардың болуы маңызды ғой. Ал тозығы жеткен резервуар мен опырылған аумақта терең шұңқыр пайда болып, жергілікті әкімдік қоршап қойған. Әлі де ішінде судың мол қоры барын аңғаруға болады. Алматының тау бөктеріндегі жерлерді бай-бағландар сатып алып бей-берекет үйлер салып тастағанын білеміз. Салдарынан, таудан төмен аққан бірнеше су арнасы бітелді. Думан шағын ауданында болған оқиға да осы жүйесіздіктен туындаған жағдай. "Ағын су арнасын табады" демекші, мамандардың сөзінше дәл қазіргі уақыт тұрғындар үшін өте қауіпті кезең болып саналады. "Мұндай жағдайлардың бірден-бір қауіпті кезеңі көктем. Сәуірдің ортасынан мамырдың аяғына дейін судың аяғында ерекше көтеріледі. Тау шатқалдарындағы топырақтың өзі әлсіз болады. Суға тез опырылып кетеді. Осындай жағдайларда жолдар жылжып кетеді. Ол өзендерді жауып, ауылдарға бұрып әкету қаупі де туындайды", - дейді техника ғылымдарының докторы, профессор Әбді Қиялбаев Апаттың айтып келмейтіні ақиқат. Сол себепті "тау шатқалынан аққан су жүйесін бір арнаға келтіру маңызды" дейді мамандар. "Негізінен тау шатқалдарынан жиналған суды бір арнаға келтіру автожол саласында қалыптасқан технология. Егер биік шатқалдардан аққан суды бір жүйеге келтірмесе, ол жол үшін де, таулы аймақтардағы елді-мекендерге де өте қауіпті. Оған саналуан инженерлік ғимараттар жобаланады. Олардың басты міндеті - тау шатқалынан түсетін судың ағысын төмендету, тәртіптелген бір ағымға түсіру" дейді профессор маман.Демек тауға мінгестіре салған үйлердің, таудан ағатын сулардың мәселесін шешпесек арты қауіп екені байқалып отыр.