Бүгін таңертең Алматының Бостандық ауданы тұрғындары қатты дыбысты естіді. Мұның себебін оңтүстік астананың Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Ведомство мәліметінше, бүгін сағат 09:40-та Бостандық ауданындағы "Южная" қазандығында құрал-жабдықтардың тоқтап қалуы және қысқа мерзімді электр қуатының үзілуі тіркелген."№3 су жылыту қазандығында автоматика жұмысында ақау шығып, қалдық газ-ауа қоспасының тұтануы анықталды. Осы себепті жақын маңдағы үйлердің тұрғындары тарс еткен дыбысты естіді", - деп хабарлады басқарма.10 минуттан кейін сорғы қондырғылары іске қосылды. Жылу желілерінің гидравликалық жұмыс режимі қалпына келтірілді."Қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр. Зардап шеккендер жоқ", - деп қосты басқарма.