Түнде Алматыда болған жер сілкінісі кезінде 11 мың адам арнайы қауіпсіз орында түнеп шыққан. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев брифинг барысында айтты.«Біздің қалада 384 нысан бар, бұл — 229 мектеп және 115 балабақша. Оның барлығы сейсмикалық тұрақты. Түнде сол жерде күзет жұмыс істеді. Бір жарым сағат ішінде мектеп қызметкерлері сол жерлерге келіп, халықты қабылдады», — деп түсіндірді ТЖД басшысы. Оның сөзінше, реттеуші құжаттарға сәйкес әкімшіліктің халықты жинау пунктерінің келу және ашылу уақыты қыс мезгілінде — 1,5 сағат, жазда — 1 сағат. Белгіленген уақытқа дейін бүкіл жинау нүктелері ашылды. «Мегаполис тұрғындарын қабылдау пунктеріне 11 мыңнан астам адам жүгінді, оның ішінде 3,5 мың бала бар. Қазіргі уақытта 1000-нан астам адам бар, оның барлығы осы сағат аралығында үйлеріне қайтады», — Нұрлан Атығаев.