Аталған көшедегі көлік қозғалысын шектеу 17 маусым мен 17 тамыз аралығында болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.Бұл туралы мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. "Алматы қаласының Медеу ауданындағы Құрманғазы көшесі бойымен Пушкин көшесінен Достық даңғылына дейін және Достық даңғылынан Зенков көшесіне дейін автокөлік қозғалысы жабылады. Достық даңғылынан Зенков көшесіне дейінгі қозғалыс екі жаққа да жабылады", - делінген әкімдік таратқан ақпаратта. Аталған көшелерде 1986 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан ескі құбырларды жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Жаңаратын құбырдың ұзындығы 305 метрді құрайды. Жол жұмыстың қауіпсіз болуы үшін жабылып жатыр. Айта кетейік, соңғы бес жылда бұл учаскеде 10-ға жуық ақау орын алған. Бұл құбыр учаскесі жылумен және ыстық сумен 5 көппәтерлі тұрғын үйді және 4 өзге де нысандарды қамтамасыз етеді. Аталған тұтынушыларға құбыр жаңарту жұмыстары кезеңінде ыстық су берілетін болады. "Қала тұрғындары мен қонақтарынан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды және көрсетілген аймақты айналып өту жолдарын алдын ала қарастыруды сұраймыз", - деп жазды "Алматы жылу желілері ЖШС мекемесі.