Алматыдағы № 109 мектепте қазақ күресінен «Мектеп барысы - 2024» жарысы өтті. Спорттық шара оқушылардың әкелері арасында ұйымдастырылды. Қаңтар айында болған іріктеу турниріне 43 адам қатысқан. Бүгін ақтық сынға жолдама алған 8 әке чемпиондық белбеу үшін бақ сынасты. Сонымен қатар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту сынды қазақтың басқа да ұлттық ойындары қамтылған. Мектеп басшылығы бұл жобаны дәстүрге айналдырмақ. Білім ордасы оқушылар мен мұғалімдер арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән беріп отыр. Таңнан бері мұнда мерекелік көңіл-күй. Әсем ән мен тәтті күй орындалды. Ал оқушылардан бастап мектеп директорына дейін ұлттық киім киген көрініс көздің жауын алады. Бұдан бөлек бүгін мектепте арнайы ашық сабақтар өтті. Білім алушылар «Әжемнің өсиеті» атты этномұражайда тәлім-тәрбие алса, ұстаздар «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітап талдады.Серік ЖАПАҚОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды тұлғалар арқылы тәрбиелеу жылы және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізетін жыл деп алдымызға міндет қойған. Сондықтан Алматы қаласындағы білім беру салаларындағы алғашқылардың бірі болып ел Президентінің тапсырмасын бірінші қолдап, Әкелер клубымен бірге Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы легін біз жүргізіп келеміз.