«Тастақ» шағынауданында орналасқан «Тұлпар» базары сәуір айынан бастап жабылады. Бұл туралы Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында қала әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Кәсіпкерлер қала әкіміне сұрақ қою кезінде «Тастақ» ықшамауданындағы «Тұлпар» базарын жаңарту жұмыстарын жыл соңына дейін қалдыра тұруын сұрады. «Қаладағы барлық базар иелері заңға, келісім-шартқа сай, базарларды жағартуы тиіс. Соның ішінде «Тұлпар» базары да бар. Олар жаңартылғанша адамдарды уақытша басқа жаққа ауыстырады. Біз бұл жұмыстарды жылдан жылға кейінге шегеріп келеміз, оны бастау қажет»,- деді Ерболат Досаев. Алмалы ауданының әкімі Ержан Сейтенов бұл базар иелері жөндеу жұмыстарын бірінші сәуірден бастауға әзір екенін жеткізді. «Өкінішке қарай, сауда орындарын жалға алушылар жаңарту жұмыстарын осымен төртінші рет кейінге қалдырғысы келді. Алайда, осы жолы бастайды»,- деді Ержан Сейтенов.