Қазақстан алтын сатып алудан әлем бойынша үшінші орынға тұрақтады. Дүниежүзілік алтын кеңесінің дерегі осындай. Расында қазақстандықтар оған көбірек инвестиция сала бастапты. Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда 800 келіден астам бағалы металл құймалары сатып алынған. Мамандардың айтуынша, алтынға инвестиция салғанда ескеретін бірнеше жайт бар. Астаналық Жанерке Елжанова зергерлік бұйымдар жинағанды жақсы көреді. Коллекциясының басым бөлігі – алтын. Оның айтуынша, бағалы металдар жыл сайын қымбаттайды. Демек оған инвестиция жасаған дұрыс. Болашақта Жанерке алтын бұйымдарын балаларына мұра ретінде қалдыруды жоспарлап отыр. Жанерке Елжанова, қала тұрғыны: - Негізі мен алтынға тек инвестиция жасап отырамын деп жоспарладым. Алайда әйел адам болған соң, оны жарқыратып тағып жүргім келеді. Кейде жинап жүрген бұйымдарымды бірнеше күн тағып, кейін сандығыма қайта салып қоямын. Себебі бағалы металл – балаларыма мұра болып қалатын, болашаққа деген инвестициямның бір түрі. Биылғы бірінші тоқсанда қазақстандықтар жалпы салмағы 816 келі болатын 18969 алтын құйма сатып алған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есе көп. Алтынға сұраныстың басым бөлігі Алматы мен Жетісу облыстарының тұрғынадырынан болады екен. Әдетте алтынға сұраныс жоғары инфляция, қаржылық дағдарыс немесе геосаяси шиеленістер кезеңінде артады. Соңғы мысалға келер болсақ – Таяу Шығыстағы қақтығыс. Ол басталғалы алтынның бағасы 23% өсті. Алдағы уақытта да алтынға сұраныс жоғары болып қала беруі мүмкін – дейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары. Статистикаға сүйенсек, азаматтар алтынды сатып алып қана қоймай, оны сатумен де айналысады. Соңғы 3 айда қазақстандықтар 6,5 мыңға жуық бағалы металды саудалаған. Бұл ретте сарапшылар, алтынға инвестиция салып, алып-сатуды көздегендерді абай болуға шақырды. Себебі ол пайдамен қоса, шығын да әкелуі мүмкін. Сондықтан оны қалтаңыздағы соңғы ақшаға емес, әзірге қажет етпейтін қаражатқа алған дұрыс. Арман Бейсембаев, экономист: - Бағалы металды үйінде де, банкте де сақтайтындар бар. Егер банктегі арнайы жәшікте сақтасаңыз, онда шығындалуыңызға тура келеді. Себебі алтынның қауіпсіз жерде тұрғаны үшін мекеме қызметіне ақша төлейсіз. Одан депозиттік салым ретінде пайыздық мөлшерлемедегі пайда көруге де болмайды. Азаматтарға осыны ескерген абзал. Мұнда тек бір пайда бар – оның құны нарықта өссе ғана, сіз оның үстіне ақша қосып сата аласыз. Елдегі кез келген азамат алтын құймаларды сатып ала алады. Олар екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пункттерінде саудаланады. Алайда тәуекелдерді ұмытпаған жөн,-деп хабарлайды 24.kz.