Алматы облысындағы атышулы “Алтын Орда” базарының экс-басшысы Эрмек Марқабаевқа қатысты сот ісі жалғасып жатыр. Айыпталушының қорғаушылары істе күмән тудыратын жайттарды атап өтіп, тергеу әрекеттеріне көңілі толмайтынын жеткізді. Еске сала кетейік, “Алтын Орданың” атқарушы директоры маусым айында “Алматы-Бішкек” тас жолында есірткімен ұсталды. Бірнеше айдан бері жүргізілген тергеу мен сот отырыстарында Марқабаевтің қорғаушылары бір ауыздан есірткі айыпталушыға қасақана салынғанын айтады. Бүгінгі сот отырысында сараптама куәгер Антон Потаповтың айғақтарын растады. Бұған дейін прокурор куәгердің Марқабаевқа есірткі лақтырған сәтін көре алмайтынын айтқан соң, бейнежазба сараптамаға жіберілген болатын. Динара ЖҰБАТОВА, Э. МАРҚАБАЕВТЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ: Құрметті сот, біз Марқабаевты ұстау кезінде жазылған белгілі бір бейнежазбаға сүйене отырып, онда ұстау барысында мүлдем болмауы керек бөгде адамдардың көп болғанын көре аламыз. Сонымен қатар, криминалист Артыковтың ешқандай бұйрық не құжат болмаса да бейнежазба түсіргені әлі күнге дейін басы ашық сұрақ боп қалып отыр. Сондай-ақ, бейнетүсірілім барысында біз түйіншекті дәл шалбардың қалтасынан іздеу керек деген команда берілгені байқалады. Бүгін сот отырысында жарыссөз кезеңі басталуы тиіс еді. Қорғаушылардың дайын болғанына қарамастан, Қарасай аудандық прокуратура прокурорының сұрауымен жарыссөз келесі сотқа дейін шегерілді. Марқабаевқа қолдау көрсетуге келген жақындары мен туған-туыстары істің әділ шешілуін сұрайды. Жылдыз МАРҚАБАЕВА, Э. МАРҚАБАЕВТЫҢ ӘПКЕСІ: Уже 8 месяцев как он там сидит вообще без вины виновный… Еш жазығы жоқ ағамның абақтыда отырғанына 8 ай болды. Прокурор бүгін тағы дайын емес. Сол үшін тағы бір апта күтеміз. Бұл жерде бір адамның тағдыры шешіліп жатыр. Істі әділ жүргізсе екен дейміз. Жарыссөз болады деп барлық жақындарымызды жинап 700 шақырым жерден келдік. Ағамның денсаулығына уайымдаймын.