«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңес отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы талқыланды. Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, сондай-ақ Halyk Bank-тің өкілдері Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі жоспарымен бөлісті. Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Екатерина Смышляева Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру аясында сараптамалық талқылаулар өткізудің маңызын атап өтті. Екатерина СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:Президент Жолдауында экономикалық және қаржылық көп мәселе қамтылды. Бұл – біздің Кеңес атқаратын жұмыстың өзегі. Мұндай талқылауларда Кеңес құрамындағы сарапшылар қауымын тарта отырып, алға қойылған міндеттерді жүйелі жүзеге асыру көзделеді. Бұған қоса, Жолдауда жүктелген тапсырмалардың тиімді орындалуын құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету де аса маңызды. Кеңес мүшелері Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға қатысты өз пікірлерін білдірді. Кеңес төрағасының орынбасары, АХҚО басқарушысының кеңесшісі Аманжан Жамалов Президент бастамаларын жүзеге асыруды қаржыландыру көзіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Аманжан ЖАМАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:Мемлекет басшысы алға қойған басты мақсат – 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есе арттыру. Мұндағы басты мәселе – жоспарды жүзеге асыруға қажет қаражатты қайдан алуға болады? Бұл жұмыс бюджеттік және бюджеттен тыс ауқымды инвестицияны қажет етеді. Қазірдің өзінде мемлекеттің әлеуметтік және басқа да шығындар бойынша жүктемесі ауырлап отыр.