Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы №11 кәсіптік колледждің оқытушысы Қырмызы Әбілдаева жақында «АMANAT» партиясына мүше болды. Партия Төрағасы Ерлан Қошановтың қолынан партия билетін алған Қырмызы Сапарханқызы өз шешімін «АMANAT»-тың атқарып жатқан игі істерімен байланыстырады. Ол партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 15 күндік тренингке қатысып, көптеген өте пайдалы ақпарат алғанын айтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.«Жобада қарыздан құтылудың жолдарын ғана емес, бизнес бастауға да бағыт-бағдар алдық. Енді отбасылық жеке ісімізді ашқымыз келеді. Осы жобаға қатысқаннан кейін партияда басқа да қандай істер атқарылып жатыр екен деген қызығушылығым оянып, зерттеп-зерделеп көрдім. Халықтың қамы үшін атқарылып жатқан істер мен тың бастамалар көп екен. Партияның шын мәнінде халыққа деген жанашырлығын сезінгеннен кейін «АMANAT»-қа мүше боламын деп шештім»,- дейді ол. Қырмызы Әбілдаева – көпбалалы ана. Балаларының болашағы үшін де үздіксіз білім алып, уақыт пен мүмкіндікті дер кезінде пайдалана білу қажет деп есептейді. Оның жобаға дейін бірнеше несиесі болған. Бүгінде қарыздарынан құтылып, тіпті «Отбасы банкінен» депозит ашып, қаражат жинауды бастаған. «Қарызсыз қоғам» арқылы қаржыны дұрыс басқаруды үйренгеннен кейін несиелерімді жаптым. Бұл маған мотивация берді. Бір ғана «Қарызсыз қоғам» жобасының халыққа көп көмегі тиіп жатыр. Қазір несие алып, оны қалай төлерін білмей жүрген жандар қаншама. Сондықтан партияның осындай халыққа қажетті жобалары көп болса екен деп тілеймін», - дейді көпбалалы ана. Сондай-ақ, ол жобада алған білімін өзі жұмыс істейтін колледжде оқитын жастарға жеткізуге ниетті. Себебі ол жастарға да бұл тұрғыдан бағыт-бағдар беріп, қаржылық сауатын көтеру өте маңызды деп санайды.