Елімізде «AMANAT» партиясы бастауыш партия ұйымдарының жиындары өтіп жатыр. Бұл- 5 қарашада өтетін аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлаудың дайындық процесіндегі маңызды кезеңнің бірі. Қызылорда облысындағы Сырдария аудандық ауруханасы бастауыш партия ұйымының белсенділері «AMANAT» филиалдарының конференциясына қатысатын делегаттарды сайлады. Бұл ұйымның 350-ге жуық мүшесі бар. Ақ халаттылар жаңа бастаманы қолдайтындарын жеткізді. Серік МАХАНБЕТОВ, СЫРДАРИЯ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ, БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ: Тұңғыш рет халық сайлайын деп тұрғаннан кейін әділетті сайлау болады деп үміттенемін. Елдің мұң-мұқтажын тыңдайтын әкімді сайлаймыз деп үміттенеміз. Өте үлкен жауапкершілікті іс. Бұл халықтың атынан шығып жатқаннан кейін, халықтың арасынан әкім сайлайын деп жатқаннан кейін жауапкершілігі мол іс деп білемін. Қостанай облысы Рудный қаласындағы “Жылу желісі” серіктестігінде үш жүзге тарта адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың барлығы - бастауыш партия ұйымының мүшесі. Бүгін мұнда да жиын өтіп,қалалық конференцияға қатысатын делегаттар сайланды. Динара ЖАНАТҚЫЗЫ, БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ: Бастауыш ұйым мүшелері өте белсенді. Олар қалада өтетін барлық спорттық-мәдени шараларға қатысады.Партияның акцияларына үнемі қатысады.