«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы БАҚ өкілдеріне өз жұмыстарын таныстырды. Партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев кандидаттардың үгіт-насихат және үйлестіру орталықтарының, қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, коворкинг алаңының жұмысы туралы кеңінен айтты. Штаб аптаның барлық күнінде тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Журналистер сондай-ақ, штабтағы жастар секторының атқарып жатқан ісімен танысты. Дәл осындай фронт-кеңсе барлық аймақта бар. Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ: Жалпы республикалық сайлауалды штабының мүшесі 7 жарым мыңнан астам. Барлық облыстық деңгейлерде бүгінгі күні 3 мыңнан астам іс-шаралар өтті. 300 мыңға жуық нақты азаматтарды біз қамтыдық. 1 млн-ға жуық агитациялық материалдарды әрбір азаматқа тараттық. Жалпы сайлаудың қорытындысы бойынша біз 1 млн-нан астам азаматты қамтыған 30 мыңнан астам кездесу ұйымдастыру жоспарымызда бар. Бұл тікелей кездесулер. Штабтың негізгі мақсат міндеті – біздің жұмысымыздың тоқтамауына сонымен қатар оның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бұл жерде біз күнделікті 4-5 жаңа форматта кездесулер, оқытулар, сабақтар ұйымдастырып жатамыз.