Өңірлерде «AMANAT» партиясы филиалдарының есеп беру-сайлау конференциялары жалғасып жатыр. Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филиалының 31-ші конференциясы өтті. Іс-шараға аймақтағы Саяси кеңестің мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты. Делегаттар партияның аудандық және облыстық филиалдарындағы Саяси кеңестердің жаңа құрамын бекітті. Осылайша, 1 қалалық және 10 аудандық филиалдардағы Саяси кеңестердің құрамына 82 адам кірді. Жиын барысында облыстық "Жастар Рухы" жастар қанатының төрағасы белсенді атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қорлан ТУҒАМБАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШҚО ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Қаржылық сауаттылық, кредиттер беру, жұмысқа орналастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мәселелері бойынша 4 мыңнан астам жастарды қамтитын бізде 71 толқында диалог алаңы ұйымдастырылды. Жалпы біздің аймағымызда "Жастар қанатының" жұмысы белсенді жүргізілуде. Осы тамыз айының 14-нен бастап бізде жатақхана мониторинг жұмыстары басталды. Облысымыз бойынша биыл 22 жатақхана студенттерді қабылдайды. Оның ішінде 16 жақсы жағдайда, 4 орташа жағдайда және 2 өкінішке орай төмен жағдайда болып тұр. «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өңірдегі белсенді жастармен және жас спортшылармен кездесті. Балалар мен ересектерді салауатты өмір салтын ұстануға баулу мақсатында спорт нысандары мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу көзделген. 100 мыңнан астам бала спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатыса алады.