"Ана сүтінен де сынап табылды". Қарағандыда Нұра өзенінің жағасында тұратын Чкалово, Садовое ауылдарының тұрғындары халықтан сынама алып, медициналық тексеруді талап етіп отыр. Бірнеше жыл бұрын мамандар өзеннен сынаптың жоғарғы мөлшерін анықтаған. Сөйте тұра улы затты жинайтын ескі коллектор әлі айырбасталмапты. Тәуелсіз экологтар да судың ластанғанын айтып қабыл қағып отыр. Толығырақ Айжан Қуаштың материалында.Теміртау маңындағы Чкалово, Садовое ауылдары тұрғындарының сынаптан қауіптенуі тегін емес. Елдімекендер Нұра өзенінің жағасында орналасқан. 90 жылдары қаладағы бұрынғы «Карбид» химиялық зауытының сынап цехынан өзенге 2-3 мың тонна сынап төгілген. Сол кезде тазарту қондырғысында жұмыс істеген ауыл тұрғыны Александр Жукевичтің айтуынша, зауыттан мыңдаған тонна топырақ шығарылып, арнайы қорымға көмілген. Алайда улы металл топыраққа сіңіп қалды дейді. Александр ЖУКЕВИЧ, ЧКАЛОВО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Ауыл шетінде зауыттан шыққан сұйықтықтарды ағызатын арық бар. Ол сынаппен, басқа заттармен де ластанған. Менделеев кестесіндегінің бәрі сонда. Сынапты тазартқан болды. Бірақ топырақтың астында қалып қойды. Аққан су оны шайып жатыр. Сынапты сезу мүмкін емес. Денсаулыққа өте зиян. Ағзадан медициналық талдауда ғана анықталады. Халықтан, топырақтан, судан, малдан сынама алып тексеру керек. Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: Нұра өзеніне құятын ағын су Чкалово ауылынан небәрі 200 метр қашықта жатыр. Ол судан мал да ішеді. Көктемде ол арнасынан тасып, өзге өзен көлдерге құйылады. Ластанған су тұрғындардың ауласына дейін ағып келеді. Сондықтан жұрт аулалардан сынама алуды сұрап отыр. Марат ШОЛПЫНБАЕВ, ЧКАЛОВО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Карбид»- тен аққан су ғой ол. Очистное сооружениемен келеді, біздің мына тура огородымыздың қасынан жүреді. Тәуелсіз экологтар өзен суының жартылай ғана тазартылғанын айтады. Улы металдың жоғары мөлшерін бірнеше жыл бұрын чех ғалымдары анықтаған. Нәтижесі адам шошырлық. Дмитрий КАЛМЫКОВ, ТӘУЕЛСІЗ ЭКОЛОГ: Біз сынапты ана сүтінен, шашынан да таптық. Оның мөлшері жоғары, ағзаға қауіпті. Балаларда ақыл- ой кемістігін, бүйрек, бауыр, асқазан, көз ауруларына ұшыратады. Өйткені суды адамдар пайдаланып отыр. Нұраны толық тазарту керек.Ескі коллектор тесілген. Оны айырбастамайынша, барлық арналарын тазартпайынша мәселе шешілмейді. Бірнеше жыл бұрын дүниежүзілік даму банкінен несие алынып, Нұраны тазартуға 180 млн доллардан астам қаржы бөлінген. Алайда өзенге зиянды қалдықтарды жібермей тұратын коллектор айырбасталмаған. Оны экология департаменті де растады. Қазір сынап шығаратын зауыт жоқ, ал ескі коллекторды басқа зауыт пайдаланады. Сондықтан оны жаңарту сол кәсіпорынға жүктелген. Дархан ЕСЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Өнеркәсіптік әрекетінде ешқандай сынапты қолданбайды, бірақ ана коллектордың ішінде ол бар. Суларын сыртқа шығару кезінде әрине жаңағы Нұра өзенінің ластануы мүмкін. Осындай қауіп бар. Жаңағы кәсіпорын өз қаражатымен жаңа су тазарту қондырғыларын салып жатыр. Жаңа коллекторды 2025 жылы іске қосу жоспарланған. Алайда Теміртаудың өндірістік қалдықтары әлі екі жыл бойы Нұраға құйылса, Қазақстанның басқа да өзендерін ластау қаупі бар. Сондықтан коллекторды мерзімінен бұрын айырбастау үшін бірнеше кәсіпорын жергілікті әкімдікпен келіссөздер жүргізіп жатыр. А. Қуаш