Қызылордалық Ұмытхан Махамбаева 9 бала тәрбиелеп, бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. Қиын-қыстау заманға қарамай, балаларын аяқтандырған ол бүгінде немере сүйіп, шөбересінің қолынан су ішіп отыр. Өсіп-өнген, үлгілі отбасында біздің тілшіміз қонақта болып келді.Ұмытхан әже бүгінде үлкен әулеттің ақылшысы, бет түзер құбыласына айналған. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана бұл күнге жету оңай болмады дейді. Жастайынан еңбекке араласқан ол бала тәрбиесінен де қол үзбеген. Ұмытхан МАХАМБАЕВА, БАТЫР АНА: Қара жұмыстың бәрін істеп, 30 жыл жұмыс істедім. Сабырмен, таупихпенен жетесің, айналайын. Көрмеген бейнеттің бәрі бала-шағаң үшін бәрі ұмыт болады. Шал қатты болды балаларға. Еркек балаларды шегеледі. Қақты шеге қылып бәрін. Біреуін қисайтып жүргізген жоқ, бәрін жұмысқа, еңбекке. Бірақ одан жаман болмады. Ұмытхан әже бүгінде 30 немере, 19 шөбере сүйіп отыр. Мереке сайын балалары қаумалап, үлкен дастархан басында бас қосу дәстүрге айналған. Өсіп-өнген әулетте аналарының ақ батасын алып, үлкенге құрмет көрсету үрдісі де сақталған. Бұл анамыздың ақ сүтімен бойымызға сіңген қасиет дейді балалары. Ерболат РСАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Кішкентайымыздан айтты, әкеңнің бетіне қарамаңдар. Кім әкеңнің бетіне қарап сөйлесе, соның ақ сүтімді кешірмеймін деп, бізді әкемізге құл қылды. Одан біз жаман болған жоқпыз. Анамыздың тәрбиесін алып, балаларын біздің ізімізбен жүргізіп келе жатқан келіндеріміз бар. Барлық тәрбие, бүкіл дүниенің есігі де, бесігі де, төрі де ананың қолында. Енелерінің ізін жалғап, көпбалалы ана атанып отырған келіндері де бар. Ал шаңырақтың ер-азаматтары әйелдер қауымының қамсыз тіршілігін қамтамасыз етіп, әкелерінің ізін жалғап отыр. Осының барлығы ананың ақ батасының, алғаусыз алғысының жемісі.