Ана мен сәби өлімі. Ерте жүктілік. Жыныстық тәрбие. Бұл- елімізде медицина саласындағы ең өзекті мәселелер, - дейді акушер-гинеколог Зайтуна Хамидуллина. 42 жылдық тәжірибесі бар маман мыңдаған сәбидің жарық дүниеге келуіне себепкер болған. Акушер мамандығының өзге де қыр-сырларын тілшіміз Аружан Серік жалғастырады.Білім, мейірім, шыдамдылық. Бұл- медицинаға жүрек қалауымен келген адамға ғана тән қасиеттер. Ісіне адал, мамандығына ғашық, еліміздің бетке ұстар акушерлерінің бірі – Зайтуна Хамидуллина осылай дейді. Ол Семей қаласында дүниеге келіп, жоғары медициналық білім алған. Бүгінде «Астана медицина университетінің» Акушерия және гинекология кафедрасының меңгерушісі. Зайтуна ХАМИДУЛЛИНА, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ, АМУ №1 АКУШЕРИЯ ЖӘНЕ ГИНЕКОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Акушер-гинеколог екі адамның өміріне жауап береді. Ол тек әйелдің саулығын емес, баланы да ойлап, қарайлайды. Болашақ дәрігерлерді тәрбиелеуде осыны жиі айтамын. Себебі ертең олар біздің орнымызға келеді, әйелдерімізді босандырады, оларға ота жасап, емдейді. Біз олардың сауатты, білімді болуы үшін бәрін жасауға тырысып, әрдайым қолдау көрсетеміз. Сауатты маман тәрбиелеу – Зайтуна Хамидуллинаның басты мақсаты. Жастармен жиі уақыт өткізеді. Оларға студент деп емес, әріптесі ретінде қарап, білгенін үйретеді. Гүлжиян ҚАДЫРОВА, АМУ №1 АКУШЕРИЯ ЖӘНЕ ГИНЕКОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ БІРІНШІ КУРС РЕЗИДЕНТІ: Зайтуна Гадиловна – өте берген тапсырмасын талап ететін, нақты дисциплинаны талап ететін тәлімгер, негізі. Ол кісі қатал болғанымен жұмыста, бірақ жүрегі жұмсақ, мейірімді адам. Әрдайым жастарды қолдайды. Жастарға үйретеді болсын деп, шын ниетімен жанашыр болып келеді. Ол кісіге алғысым шексіз. Босану кезінде жалғыз акушер емес, қасындағы әріптестері де бірге уайымдап, бала аман-есен туғанда, бірге қуанады. Бұл ауызбіршілігі жарасқан ұжымның ғана қолынан келеді. Халида ШАРИПОВА, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ, АМУ №1 АКУШЕРИЯ ЖӘНЕ ГИНЕКОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОЦЕНТІ: Бірге қол ұстасып жұмыс істеп келе жатырмыз өмір бақи. Мен Зайтуна Гадиловнаны білетініме 30 жылдан асып кетті. Бір қалада, бір салада жұмыс істеп, енді бір перзентханада, бір кафедрада жұмыс істеп жатырмыз. Бір семьямыз. Неге десеңіз, қиын болса, бірге қиналамыз. Қуаныш болса, бірге қуанамыз. «Бала – өмірдің мәні». Сол баланың сау боп тууына, әйелдердің жеңіл босануы үшін тыным таппай, еңбек етіп жүрген жанашыр акушер дәрігерлер қашан да ерекше құрметке лайық.