Бүгін Жетісу облысында «Кітап-AMANAT» кітап орталығы ашылды. Жоба Алматы қаласында басталып, Астана қаласы мен Жамбыл, Павлодар облыстарында жалғасқан еді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыты екенін атап өткен болатын. Осы орайда, «AMANAT» партиясы Президенттің бастамасын қолдап, өңірлерде кітап орталықтарын ашу жұмысын қолға алды. Партия филиалында ашылған кітап дүкенінің сөрелеріне бірінші кезекте жергілікті ақын-жазушылар мен авторлардың кітаптары қойылады. Мұнда зиялы қауымның, баспагерлердің қатысуымен жаңа кітаптардың тұсаукесері және әдеби кештер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, отандық әдебиетімізді ілгерілету мақсатында жас авторларға да қолдау көрсетіледі.Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, «ҚР БАСПАГЕРЛЕР, ПОЛИГРАФИСТЕР ЖӘНЕ КІТАП ТАРАТУШЫЛАР» ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әр қазақтың қолында кітап болсын дейтін мұратты көздеп отырған жоба. Егер кітап болмаса, ұлт руханияты болмайды. Соңғы рет кітап дүкеніне қашан кірдіңіз, қашан кітап сатып алдыңыз, қашан қай кітапты оқыдыңыз? Осы сұрақты әр қазақ өзіне қойып, өзі жауап берсе болады. Шолпан КАРИНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ: Негізгі мақсаты халыққа кітапты жеткізу. Біздің қазақстандық, қазақ авторларының, ақын-жазушыларының туындыларын қолжетімді ету. Тағы мақсаттарының бірі бұл - қазақстандық баспагерлерді қолдау. Сондықтан алдағы уақытты осы партия филиалдарының ғимараттары халықтың рухани байлықты алуға келетін бір орны болатынына сеніміміз зор.