«Әр тұрғынның өз таңдауы болуы керек». Депутат Айдос Сарым тұрғын үйді басқару формаларына қатысты осындай пікір білдірді. Бұл туралы ол Алматыда өткен Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында айтты.Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бастаған Қоғамдық палата мүшелері қала тұрғындарымен кездесіп, меншік иелері бірлестігінің мәселелерін талқылады. Кей тұрғындар пәтер иелерінің кооперативін қолдаса, енді біреулер меншік иелері бірлестігін қолдайды. Алайда, көпшілік «тұрғын үйді басқару формасы қандай болса да, мәселе төраға мен тұрғындардың өзіне байланысты» дейді. Сәбилә БЕКМҰХАНБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бұған дейін біздің үйімізде ПИК формасы болған, кейін МИБ-ке өттік. Бірақ төрағамыз орнында қалды. Сондықтан, аса қатты айырмашылықты сезінгеміз жоқ. Менің ойымша, қандай форма болмасын, төраға өз ісіне адал, ұқыпты болса, ешқандай мәселе болмайды ғой. Тұрғындар да өзіне жауапкершілік алу керек. Тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, Мәжіліс тиісті заңнамаға түзету әзірлегенін хабарлаған болатын. Соған сәйкес ПИК тұрғын үйді басқару формаларының бірі ретінде қалмақ. Себебі, осы күнге дейін пәтерлердің 90 процентке жуығы ПИК-тің қызметін алып келген. «Халықтың таңдауы – бірінші орында» дейді депутаттар. Айдос САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ПАЛАТАНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Әрбір үй сол пәтер иелерінің кооперативін құратын болады немесе керісінше меншік иелерінің бірлестігін құратын болады деген сияқты әр үйдің өзінің таңдауы болуы керек. Екіншіден, сөзсіз, қоғамның өзінің белсенділігі керек. Бізде мынадай немқұрайлылық бар. «Мен таңдадым, енді сен жаса» деген сияқты. Жоқ, оған бәріміз де араласуымыз керек, бәріміз де осыған белсенді түрде қарауымыз керек. Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында тұрғындар да өз ұсыныстарын айтты. Халық қалаулылары бұл мәселені жан-жақты қарастырып, ортақ тиімді шешімге келетіндерін жеткізді. Айта кету керек, бұл талқылаулар күзге дейін жалғасады.