Арал ауданы Қарақұм ауылының тұрғындары мал мен жанның амандығына алаңдап отыр. Себебі ауыл тұсындағы пойыз жол өткелі қараусыз қалған. Абай ӘБІШОВ, ҚАРАҚҰМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Күн тұман, жауын болмайды ма?! Тағы басқалар болмайды ма. Сонда біреу міндетті түрде мына тұрған темір жолдың астына түсіп өлу керек па. Малымызға осындай қысым көрсете берсе, онда мына жерде адам қалмайды, көшеді барлығы. Бұл маңдағы бекет 2016 жылы ашылған. Бірақ жолаушыларға жағдай жасалмаған, пойызды олар күннің астында, аяз бен желдің өтінде сағаттап күтуге мәжбүр. Ол аздай енді өткелдегі күзетшілерді қысқартып, қауіпті екі еселеді дейді халық. Оны ауыл әкімі де жоққа шығармайды. Себебі бақылау аймағы іске қосылғалы апаттың беті сейілгенін айтады. Алайда мәселені шешуге қауқарсыз. Мұхтар БОЗҒҰЛ, ҚАРАҚҰМ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: Бұйрықпен бекітілген адамдардың болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені қоғамдық жұмыс деген бізге аула тазалаушы ретінде жіберілген адамдар. Олар өздері бас тартып тұр бұл жерге келмейміз деп. Өйткені бұл жауапты жұмыс деп. 200-ге жуық машина өтеді бұл жерден. Өйткені мына жағымызда Ақтөбе облысына қарасты Жайсаңбай деген ауыл бар. сол жақтың да көліктері бізден өтеді. Мамандардың айтуынша, бұл жермен тәулігіне 10-12 пойыз өтеді. Көлік саны да аз дейді. Сондықтан арнайы талапқа сай жұмысшылардың қысқартылғанын айтады. Берік БЕКЖАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА МАГИСТРАЛДЫ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:Біздің ереже бойынша малды бақташы өзі темір жолдан айдап өту керек. Екі адам. Бұл да санына байланысты. Мысалы 200-ден асса 2 адам, 300-400ден асса 3-4 адам. Бұдан бөлек, пойыздың саны, көліктің саны келмегеннен кейін. Қарақұм ауылында 35 мың түлік заңды тіркеуде тұр. Ал өрісте есепсіз жүргені қаншама. Сондықтан мыңғырған малды бағу былай тұрсын, қашан қораға келіп-кететіні белгісіз дейді тұрғындар. Мамандар болса, ауыл тұсынан өтетін пойыз бен көлік саны артпай өткелді іске қоса алмаймыз дейді.