Елімізде балаларға арналған контент өндірісін дамыту кенжелеп тұр. Мәжілісмен Наурыз Сайлаубай өскелең ұрпақтың интернеттегі ақпараттың бәрін талғамай тұтынып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, ғаламтор желісіндегі әртүрлі шетелдік анимациялар балалардың тілін шұбарландырып, психологиясына әсер етіп жатыр. Ал, Мархабат Жайымбетов болса, Аралдың солтүстік бөлігінде экологиялық жағдай ушықты дейді. Соңғы 12 жылда теңіздің суы азайып, тұздылық көбейген. Бұлай жалғаса берсе 3 мың балықшы жұмыссыз қалуы мүмкін. Мәжілісте тағы қандай сауалдар қойылды? Бекболат Сатуов айтады.Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Арал проблемасын мінберде жиі көтеріп жүр. Экологиялық ахуалдың ушығып бара жатқанына алаңдаулы. Соңғы 12 жылда теңіздің үштен бір бөлігі құрғап қалған. Тұздылық артқан. Жағдай реттелмесе, отбасын асырап отырған балықшылар жұмыссыз қалуы мүмкін дейді. Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Теңізге Сырдария өзені арқылы құятын су көлемі күрт азайып, Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесі мен Кіші Арал теңізі жағалаудан 1,5 км тартылып кеткен. Егер теңіз осылай тартылса, 3000- ға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты және 14 шағын цех уақытша тоқтап қалу қаупі бар. Ал, депутат Наурыз Сайлаубай болса, балаларға арналған контент жоқтың қасы деп отыр. Себебі, мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржының 80 пайызы ересектерге арналған фильмдерге жұмсалады екен. Сондықтанда, қазақша мультфилімдер тасада қалуда деді. Контент болмағасын шетелдің өнімін көреді. Наурыз САЙЛАУБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ЖСДП ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Психологиясы қалыптасып үлгермеген балаларымыздың тілі шұбарланып келеді. Әліпті таяқ деп білмейтін, ойы бекімеген кейбір бүлдіршініміз тіпті, қай сөз қай тілге тиесілі екенін ажыратпайды. Ойын жеткізу үшін бірнеше тілді араластырып қатар қолданады. Бұл дұрыс па? Бүгін жалпы мәжілісмендер жиырмаға жуық депутаттық сауал жолдады. Белсенділіктері әдеттегіден де жоғары. Бірі өңірдегі газ қымбатшылығын тоқталса, енді бірі хатымызға жауап ала-алмадық деп, премьер-министрге шүйлікті. Депутат Самат Мусабаев, бұған дейін Маңғыстаудың әлеуметтік мәселесін шешуге құрылған үкіметтік комиссия нәтижелі жұмыс көрсете алмаған деді. Ол бұл мәселені қайта қарауды сұрады. Самат МҰСАБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Үкімет деңгейінде Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуге арналған арнайы Үкімет Комиссиясы құрылсын. Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысында қордаланған барлық мәселелерді анықтап, тиісті шешімдер қабылдап, нақты нәтижелерге қол жеткізуі қажет. Депутаттар елдегі өзекті мәселелерді көтеріп, тек сөз жүзінде қалмауын талап етуде.