«Бармысың, бауырым?» хабарының жүргізушісі Қымбат Досжан бельгиялық азаматтың туған анасын іздеу барысында қозғалған қылмыстық іске қатысты деректерін бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.Арқалық қалалық полиция басқармасына Бельгия азаматы Жанни Эдди Савельевтің атынан және Қазақстандағы заңды өкілі ретінде менің атымнан сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша арыз беріліп, іс қозғалған болатын. Алайда, қылмыстық іс қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына орай қысқартылды, - дейді Қымбат Досжан. Оның айтуынша, Арқалық балалар үйінен 80-нен аса бала шетел асқан. Асырап алған Бельгиялық азаматша Қазақстанға келмей тұрып, Жәнібек Жұмағұловтың суреті мен жеке мәліметін электронды пошта арқылы алғанын мәлімдеді. Одан бөлек асырап алған адам Арқалыққа келгеннен кейін бір кісіге қомақты қаржы бергенін де айтты. Осы оқиғаны зерттеу барысында Арқалық қаласының балалар үйінен 2000-2004 жылдары аралығында 80-нен астам баланы шетелдіктер асырап алғаны мәлім болды. Бұл балалардың барлығы заңды түрде шетел асты ма екен?, - дейді журналист. Аталған деректерді негізге алып, бала саудасы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін Бас прокурорға хат жолдаған. Жоғарыдағы мәліметтерде ескере отырып, біздегі сараптама және зерттеу қорытындыларын негізге ала отырып, Арқалық қалалық полиция басқармасында қозғалып, кейін тоқтатылған істі тек салғырттық бабы бойынша емес, кәмелетке толмағандардың саудасы бойынша қайта қозғалуын сұрап, еліміздің Бас прокурорына сауал жолдадық. Редакция Парламент мәжілісінің депутаты Абзал Құспанмен де жолығып, заңгерлік кеңес алды. Депутат бұл маңызды мәселе де бұдан әрі қарай да көмек беретінін айтты, - деп түсіндірді Қымбат Досжан.