"AMANAT"-тық депутаттар ""АрселорМиттал Теміртау" отандастарымыздың өлімімен байып отыр", - деп дабыл қағуда. Айтуларынша, көмір шахтасының басшылығы жұмысшылардың өміріне бей-жай қарайды. 2010 жылдан бері шахтада 26 төтенше жағдай орын алған. 47 адам жарақаттанып, 17 адам көз жұмған. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров трансұлттық компанияның басшысы Лакшми Миттал кейінгі жылдары орын алған барлық қайғылы оқиғадан қорытынды шығармаған деп отыр. Тіпті жұмысшылардың қазаға ұшырап жатқанына компания бас қатырып отырған жоқтығын айтты. Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT"ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Ең негізгісі - сол компанияның құрылтайшылары жауап беруі керек. Бұлар әбден қуланып алған. Бұлар қауіпсіздік техникасы қызметіне Қазақстан азаматын қойып қояды. Бір авария болса бұлар жауап береді. Ал енді қауіпсіздік техникасына, адамдардың өміріне байланысты, өнеркәсіпті модернизациялауға ешқандай ешқандай ақша бермей отырған сол компанияның өзі. Жіп қанша күрмелсе де үзіледі. Бұларды Қазақстаннан қуу керек.