Жарылыстан жапа шеккен Арыс тұрғындары әлі күнге дейін өтемақы алмаған. Арада 4 жыл өтсе де, баспаналар әлі бүтінделмеген. Арнайы комиссия оларды зардап шеккендер қатарына қоспаған. Алайда сот жарты жыл бұрын өтемақы өндіру туралы қаулы шығарған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап. Еске салайық, Арыстағы жарылыс осыдан 4 жыл бұрын болған еді.Телеарна мәліметінше, жапа шеккен тұрғындар әлі күнге дейін өтемақы ала алмай әлек. Нақтырақ айтсақ, жарылыс кезінде үйі қираған 55 азаматқа тиесілі мемлекет қаржысы сол күйі қолға тимеген. Әділдікке жету үшін жиналғандар сотқа да арызданып, оны жеңіп шыққан. Алайда "уәде етілген 1 миллард теңгенің көлеңкесін де көрмедік" дейді тұрғындар."Мен жөндеу жұмысына келіскен едім. Бірінші, екінші жаппаны алып тастаймыз деп уәде берген. Кейін сөзінде тұрмады. Арыс аудандық сотта жеңдік. Сот орындаушылар әлі төлете алмай отыр ғой. Материалдың бәрі 3 есе қымбаттап кетті", - деді Арыстың тұрғыны Ержан Абдураманов.Телеарна мәліметінше, жапа шеккендердің бірі қираған үйде күнелтуге мәжбүр. Жанайқайы билікке жетпеген көпшілік шағымын айту үшін бейбіт митингіге де шықпақ болған. Алайда әкімдік рұқсат бермеген."Арыстың әкімдігі тарапынан Қорғаныс министрлігіне осы мәселені хабарлап, хат жолданған болатын. Біз ол кісілердің проблемасын митинг туралы хабарламадан кейін естідік. Сосын Қорғаныс министрлігіне хат жолдадық", - деді Арыстың ішкі саясат бөлімінің маманы Нұржан Құттыбек.Митингіге рұқсат бермеген Түркістан облысы, Арыстың әкімдігі жауапкершілікті министрлікке ысырған. Ал мәселе бойынша хабарласқанда ведомство өкілдері әзірге жауап бере алмайтынын айтқан.