Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның сыбайластарының үстінен қозғалған қылмыстық істің сот отырысы келесі аптаға ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Еске салайық, 17 сәуірде Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның сыбайластарының (Алмаз Нұразхан, Азамат Көшенов, Айым Сәдуақасова) ісі бойынша сот отырысы басталды. Қылмыстық іс елорданың №2 Байқоңыр аудандық сотында қаралып жатыр. Бүгінгі сот отырысы барысында айыпталушылардың бірі Алмаз Нұразхан өзін жайсыз сезініп, көмек керегін мәлім етті. Осылайша сотталушыны отырыс залынан жедел жәрдем алып кетті. Судья сот отырысын 24 сәуір сағат 10:00-ге ауыстырды. «А.Нұразханды жедел жәрдем бригадасы клиникаға алып кетті, қайсы клиника екенін білмедім. Диагноз қою үшін белгілі бір сала мамандарының көмегі қажет», - деді айыпталушының адвокаты Мұстахим Төлеев.