Асхат Оралов Алматы қаласындағы мәдениет ұйымдарының түйінді мәселелерімен танысып, саланың көрнекті қайраткерлерімен кездесу өткізді.М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының жұмысымен танысты. Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мұрат Әуезов сынды мәдениет және өнер қайраткерлерімен және басқа да белгілі сала майталмандарымен жүздесіп, пікірлесті. "Кездесуде айтылған мәселелерді шешу үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргізетін боламыз: материалдық-техникалық жарақтандыру, қызметкерлердің еңбекақысы және т.б. Әйгілі театр ғимаратын қалпына келтіру бойынша дайындық жұмыстарының барысын зерделедік", -деп жазды Асхат Оралов әлеуметтік желідегі парақшасында.Одан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында болды. Музыканттармен, балет труппасымен, тігін цехтерінің қызметкерлерімен кездесіп театрдың ішкі өмірімен танысты. Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушылармен де кездесті. Сонымен қатар, министр зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханаға барды. Сапар қорытындысы бойынша Министрліктің тиісті комитет басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді.