ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин су басқан астық қоймалары иелеріне мемлекет тарапынан қандай көмек қарастырылғанын айтты.Оның айтуынша, тұқымдық материалдар сақталған астық қоймаларын су басып жатқаны туралы хабарламалар бар. Осыған байланысты ол шаруаларға мынандай үндеу тастады:"Су басу қаупі төнген жағдайда өз мүлкіңізді дер кезінде қауіп-қатерден қорғау өте маңызды. Әңгіме тек тұқым туралы ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникалары, жануарлар және қауіпсіз қашықтыққа тасымалдануы тиіс өзге де мүліктер туралы болып отыр".Сондай-ақ ол 16 сәуірде республикалық ақпараттық штабта өткен брифингі барысында "Азық-түлік корпорациясы" ұлттық компаниясында, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы тәжірибе станцияларында алдағы егіс науқанына қажетті астық қоры жеткілікті екенін жеткізді.