Еліміздегі жастардың 10 проценті ғана әскерге өз еркімен барады. Ал қалғаны енжарлық танытады немесе қорқақтықтан бас тартады. Сондай-ақ, кейбірінің денсаулығы жарамайды. Биыл 37 мыңға жуық жігіт Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс. Қазір көктемгі шақыру жүріп жатыр. Әріптесім Сүндет Оралбеков әскери комиссариатқа барып, тексеруден өтті.Әскер атауы жеңіл болғанмен, талай жігіт әскери өмірдің ауырлығынан қорқып, жалтарып жүр. Тепсе темір үзетін жігіттердің өз борышын өтеуге селқос қарауын, ата-ананың балаға дұрыс тәрбие бермеуінен дейді мамандар Жазира АСАНОВА, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ҰЙЫМДАСТЫРУ-ЖҰМЫЛДЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА АҒА ОФИЦЕРІ: Қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметтен жалтарып жүргендер саны 30 мыңнан асады. Олардың көбісі ата-аналары немесе өздері заңнаманы ескермегендіктен, тұрғылықты жерін ауыстырып, әскери есептен шықпағандықтан әскерге шақырылмай қалып жатыр. Әскер десе көп адамның төбе шашы тік тұрады. Бірі оқуын сылтауратып азаматтық борышынан бас тартса, енді бірі алып қашпа әңгімеге сеніп, отан қорғаудан жалтарады. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Оқудан бара алмаймын. Оқуым 27 жасқа дейін жалғасады. Содан бара алмаймын. - Барғым келмейді. Ұрады, соғады. 1 жыл жоғалтып аламын деп ойлаймын. Жастар әскерден қашқан соң мемлекет түрлі жеңілдіктер қарастыруда. Әскерге барғандарға уақытша несиелік демалыс беріледі. Ал көзге түсіп, өзін жақсы жағынан көрсеткен сарбаз еліміздің таңдаулы 50 жоғарғы оқу орынында тегін білім алады. Руслан ОМАРОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекет басшысының бұйрығымен биыл әскерге көктемгі және күзгі шақырылымда 37 мыңға жуық адам қабылданбақ. Статистика бойынша әскерден жалтаратындар саны күннен-күнге азайып келеді. Бұған бірден-бір себеп Қорғаныс министрлігінің әскерге қызығушылықты арттыру мақсатындағы жасаған істері. Сенатор Руслан Рүстемовтың сөзінше, әскерге міндетті борышкерлердің 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартады екен. Сондықтан ол әскери газет-журналдарда патриоттық әндер мен әңгімелер көптеп жазылса дейді. Сонда сарбаз атанғысы келетін жастар көбейеді. Руслан РҮСТЕМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Әскерге балаларымыз бармайды дейміз. Әрине, барлығы әскердің қоғамдағы орнына келіп тіреледі. Газеттеріңізді алып қарадым. 8-наурыздағы санын да алып қарадым. Бір солдаттың анасы туралы материалы жоқ. Неге жақсы азаматтық борышын өтеп жатқан адамның ата-анасын насихаттамасқа. Осындай рубрикалар керек. Көктемгі науқанда 18-27 жас аралығындағы 18 500 -ге жуық сарбаз әскер қатарына алынады. Оның 7 мыңнан астамы қарулы күштер қатарына қосылмақ. Астана қаласының тұрғыны Дархан Сүлейменовке әскерге шақыру 1-ші сәуір күні келген. Хабарды ала сала әскери комиссариатқа келіпті. Дархан СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Көктемгі әскери шақыртуды естіп, досымыз екеуміз Байқоңыр ауданындағы шақыру бөліміне келдік. Сержанттардың айтуы бойынша, десанттық шабуылдаушы қатарында қызмет еткіміз келеді. Құрметті жастар, әскери қызметке шақырамын! Ал дәрігер Орынтай Бүкірова денсаулығына байланысты әскерге бара алмайтын жастар саны жыл санап азайып келеді дейді. Оның айтуынша тексерістен өтіп жатқандардың барлығының борышын өтеуге деген құлшынысы жоғары. Орынтай БҮКІРОВА, ДӘРІГЕР-ФТИЗИАТР: Біз әскерге шақырту алған жастарды туберкулез аурына тексереміз. Барлығымыз білетіндей ол ауа жолымен жұғатын қауіпті ауру. Елімізге қызмет еткелі жатқан азаматтарды тексеру барысында өткен жылдарға қарағанда биыл аурудың анықталу деңгейі төмен. Мамандар бос сөзге сенІп, Отан қорғаудан жалтаруға болмайтынын ескертті. С. Оралбеков