Батыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аудандық қорғаныс істері бөлімінің қызметкерінің пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. «Аталған лауазымды адам әскери қызметтен кеткені және әскери билеттерді заңсыз бергені үшін азаматтардан бірнеше рет пара алды деп күдіктеледі», - делінген Антикор хабарламасында. Белгілі болғандай, 5 сәуірде тергеу сотының санкциясымен күдікті қамауға алынды. ҚПК нің 201 бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат таратылуға жатпайды. «Сонымен қатар Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процесстік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әркім өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi осы Кодексте көзделген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз болып саналады», - дейді ведомство өкілдері.