Премьер-Министр Әлихан Смайылов халықты газбен қамтудағы проблемаларды атады.«2019 жылы салынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының бойында тиісті инфрақұрылым тартылып, қажетті іске қосу кешендері орнатылды. Бұл ретте, Энергетика министрлігінің негізгі міндеті – газды өндіру, қайта өңдеу және өңірге дейін жеткізу. Ал, әкімдіктердің міндеті – осы газды тұтынушыларға дейін жеткізу, қосылу рәсімін қолжетімді, қарапайым және түсінікті ету. Сонымен қатар, Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын көптен күткен газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр. Бұл өңірлердің тұрғындары газ тарату желілері жоқ, рұқсат құжаттарын алу қиын және газға қосылу қымбат деп шағымданады. Бұл осы өңірлерге ғана емес, сонымен қатар газбен қамтылған басқа өңірлерге де қатысты», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында. Үкімет басшысының айтуынша, Алматы облысының Биғаш ауылында тұрғындарға газ өткізуге 10 жыл бойы уәде беріліп келеді. Түркістан облысының Төле би ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр. Батыс Қазақстан облысының Зеленое ауылында газ 2014 жылы өткізілген. Бірақ, осы күнге дейін әкімшілік ғимараттар ғана қосылған.Әлихан СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ Ауылдық елді мекендерден басқа қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де «көк түтінге көміліп», ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда 2-ші Жылу электр орталығында жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен «Қазақгаз» компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек. Халықпен етене жұмыс істеп, барлық мәселені шешу қажет.