Астана арнасы 30 жылдық тарихында талай түйткілді мәселенің түйінін шешті. Атап айтсақ 15 жыл бойы анда – мұнда көшіп жүрген Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжі біздің тілшіміздің репортажынан кейін жаңа ғимаратқа көшірілді. Белгілі өнер ордасында болашақ әртістердің дәлізде, жатақханада қыстырылып- қымтырылып білім алып жатқаны туралы материал әлеуметтік желілер арқылы Мәжіліс депутаттары мен облыс әкімінің құлағына жетіп тез арада шешімін тапты.Бұл- осыдан 5 жыл бұрын түсірілген кадрлар. Өнер ордасы ол кезде бұрынғы қан құю орталығында еді.Медицина мекемесіне арналған тар кабинеттерге сыймаған студенттер дәлізде, тіпті жатақханада оқитын. Не концерт, не спорт залы жоқ, музыкалық аспаптары да істен шыға бастаған сәт. 15 жыл бойы осындай жағдайда жұмыс істеген колледжге 2017 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің кең ғимараттарының бірі берілді. Мынау- қазіргі өнер ордасы. Ең бастысы студенттер кең бөлмеде жеке дәріс ала алады. Ескірген аспаптар да жаңартылған. Жаңқаш ЖҰМАБЕКОВ, ТӘТТІМБЕТ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Қазір зал да бар дайындалатын, ол жерде зал болған жоқ. Кабинеттеріміз кең, фортепиано міне аспаптарымыз жаңадан алынып жатыр, қобыз қыл қобыз, шертер қазақтың өзіне тән аспаптары жетіген деген аспаптар алынды . Білім мекемесінде ұлттық өнерді дәріптейтін жастардың жаңа буыны тәрбиеленуде. Осы уақытта студенттер мен түлектер ондаған республикалық, халықаралық байқауларда жеңіске жеткен. Жақсыкелді КЕМАЛОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ: Мемлекетіміз дамып келе жатыр ғой, осы даму үрдісінің үстінде біздің колледж да қалыс қалмаса деген ой. Жеке ғимарат салынса онда тіпті нұр үстіне нұр болар еді. Бауыржан ЕРМҰХАМБЕТОВ, ТӘТТІМБЕТ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Астана телеарнасы біздің колледжіміз 15 жыл бойы ғимаратсыз жүргені туралы ақпарат жинап, өнерлі жастардың жағдайын билікке жеткізген болатын. соның нәтижесінде осы ғимарат бізге берілген болатын. Өнер колледжінің ұжымының атынан сіздерге алғысымыз шексіз. Жұмыстарыңыз жемісті болсын. Атақты күйші Тәттімбет атындағы колледжі биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтті.