Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 17-турында елордалық «Астана» Петропавлда «Қызылжармен» кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Елордалық клуб соңғы бес ойында екі мәрте тең түсті. Салдарынан турнир кестесінде екінші орынға ығысты. Бірінші орындағы Шымкенттің «Ордабасы» клубынан үш ұпайға артқа қалып қойды. Сондықтан бүгінгі кездесуде елордалық команда жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық еді. Кездесу тағдырын 89-минутта петропавлдық командадан Рафаэль Оспанов соққан жалғыз гол шешті. Осылайша «Астана» қарсыласына 0:1 есебімен жол берді. Енді 21:00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Қайрат» (Алматы), «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Шахтер» (Қарағанды) ойнайды. Ал 30 шілдеде «Каспий» (Ақтау) мен «Ақтөбе», «Атырау» мен «Жетісу» (Талдықорған) кездеседі. Аталған турдың 10 шілдеде алдын ала өткізілген ойынында «Оқжетпес» (Көкшетау) «Ордабасы» (Шымкент) командасына 0:4 есебімен жол берді. Ал «Мақтаарал» (Түркістан облысы) мен «Тобыл» (Қостанай) кездесуі белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды.