Ақмола облысының Целиноград ауданында жергілікті билік пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті тұрғындарды су тасқыны қаупі туралы ескертіп, төтенше жағдай кезінде өздерін қалай ұстау керектігі жөнінде ұсыныстар берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.Әкімдік өкілдерінің айтуынша, су тасқынына қарсы шаралар қарқынды жүріп жатыр. Оған аудан басшылары ғана емес, Төтенше жағдайлар департаменті де қатысуда. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметкерлер елді мекендердің айналасындағы қорғаныс құралдарын белсенді түрде нығайтуда, деп хабарлады облыс әкімдігі. Күннің жылынуына байланысты наурыз айының үшінші онкүндігінде қар қатты еріп, үлкен су массаларының пайда болуы және облыс өзендерінде мұздардың жұқаруы байқалады, - делінген таратылған хабарламада. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Самарқан, Шерубайнұра және Ынтымақ су қоймаларынан төменгі бөгеттегі (Нұра өзені) су массаларының жүйелі түрде ағып жатқанын айтты. Тасқынға қарсы жедел штаб Нұра өзенінің деңгейін тұрақты бақылауда ұстап тұр, - деп түсіндірді құтқарушылар. Бұл ретте олар облыс тұрғындарына белгілі бір ережелерді сақтауды ұсынды. 1.Су басу қаупі туралы ескерту алғанда бұл туралы жақындарыңызға және көршілеріңізге хабарлаңыз, қарттар мен науқастарға көмек көрсетіңіз; 2.Эвакуациялау алдында үйіңізді мейлінше бүтін сақтау үшін мыналарды орындау керек: суды, газды, электр қуатын өшіру; пештердегі отты сөндіру; құнды заттар мен мүлікті ғимараттардың жоғарғы қабаттарына (шатырларына) орналастыру; терезелер мен есіктерді жабу, қажет болған жағдайда бірінші қабаттардағы терезелер мен есіктерді тақтаймен бітеп тастау қажет. Эвакуацияны бастау туралы белгі алған кезде герметикалық қаптамаға салынған құжаттарды, құнды заттарды, дәрі-дәрмектерді, маусымға арналған киім мен аяқ киім жиынтығын, бірнеше күндік азық-түлікті тез жинап, өзіңізбен бірге алып шығу керек, содан кейін қауіпсіз аймақтарға жөнелту үшін белгіленген эвакуациялық пунктке жету керек, - деп ескертті ТЖД. Кенеттен су тасқыны болған жағдайда, сіз далада немесе орманда қалсаңыз, құтқарушылар биік жерге, мұндай төбе болмаса, ағашқа шығуды ұсынады. Есіңізде болсын! Су басқан аумақта суға тиген тағамды жеуге және қайнамаған суды ішуге болмайды. Қандай жағдай болса да сабырлық танытыңыз, үрейленбеңіз, тез, бірақ сенімді әрекет етіңіз!, - деп кеңес береді құтқарушылар. Әкімдік хабарлағандай, осы уақыт ішінде аудандағы елді мекендерден 470 мың текше метрден астам қар шығарылып, 30 шақырым арықтар мен жолдардағы 224 су өткізгіш құбырлар тазартылып, 511 мың текше метр еріген су сорылып, 3 мыңнан астам инертті материалдар бар қап төселді. 141 адам жұмылдырылды, оның 49-ы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, 20 адам Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі N52859 әскери бөлімінің сарбаздары. Сондай-ақ су тасқынының салдарын жоюға 55 техника мен 71 мотопомпа жұмылдырылған. Су тасқынына қарсы жедел штаб жұмыс істейді: 8-71651-30-186, байланыс орталығы 109(9), 8-71651-30-772, 30-773, 8-707-56-30-109 (WhatsApp).