Телеарна арулары үшін мереке күні демалыс деген ұғым жоқ. Тіпті, төл мейрамдарында да жұмыста жүр. Аяулы арулар көрерменге ақпарат жеткізу үшін еңбек етуден шаршаған емес. Бірауыз сөз мақтау естіп, халықтың мәселесін шешуге септігі тисе төбелері көкке жеткендей қуанады. Өз мамандығын мақтаныш ететін аруларымызбен Сүндет Оралбеков тілдесті.Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ: Бүгінгі мереке көктемнің шуағын сездіруде. Қыздарымыз қыр гүліндей құлпырып, айналысына шуақ шашуда. Көңілдерін көтеріп, мерекелерімен құттықтап, гүл шоқтарымен қарсы алудамыз. Ақерке Берікбекқызы, мерекеңіз құтты болсын! Көктемдей құлпырып жүре беріңіз! Бұл Сіздердің мереке болса да, демалып жатқан жоқсыздар. Мейрам қарсаңында журналистердің жұмысы қыза түседі дейді ғой, сол рас па? Ақерке БИЯТОВА, «ASTANA TIMES» ЖАҢАЛЫҚТАР БӨЛІМІНІҢ ШЫҒАРУШЫ РЕДАКТОРЫ: Әрине, бізде бүгін қарбалас. Мереке деп қарап жатқан жокпыз. Өзің айтқандай, мерекеде журналисттердің жұмысы еселене түседі. Керісінше, халыққа жағымды жаңалықтарды жеткізуге асығады. Бұрын маған бір кісі айтқан болатын, журналистикада род болмайды деп. Ұл-қыз деп бөлінбейді. Қыздардың мерекесі деп қыздарымыз да қарап отырған жоқ. Қыздарымыз бірінен-бірі өтеді. Отқа салсаң жанбайды, суға салсаң батпайды. Бүгін барлығы да материял әзірлеп, қарбаласып жатыр. Батыстан бұқараға ақпарат жеткізіп жүрген Базаргүл Нәдірқызы телеарнада 10 жылдан бері еңбек етеді. Әрбір сөзі салмақты, көтерген мәселесі өткір. Қайсар мінезді тілшінің қаймыққан кезі жоқ. Ашығын айтты, атыраулықтардың базынасын жеткізіп жүр. Жүрегі нәзік болғанымен Базаркүл жұмыс десе батылдана түседі. Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІ: Ең қуаныштысы дайындаған сюжетіміз кәдеге жарап, қарапайым адамдардың түйінді мәселесі шешілген кезде кәдімгідей шаршағанымызды ұмытып кетеміз. Көрерменге әрбір детальмен дем беріп, әсерлі кадрлармен баурап отыру -маңызды. Шымкент пен Түркістанның жаңалығын жеткізіп жүрген Айзада Төребекқызының бұл жағынан жолы болды. Жолдасы - телеоператор. Екеуі түсірілім алаңында ыммен түсініседі. Отбасылық өмірде де тату. Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Біздің жұмыс уақыт талғамайды ғой. Ерте кетеміз, кеш келеміз. Соның барлығына түсіністікпен қарайды. Сенің қасыңда жүреді. Қолдау білдіреді. Шаршасаң демеу береді. Сондықтан, ерлі-зайыптылардың бір жерде жұмыс істегені дұрыс екенін түсініп жүрмін. Әрбір сюжеті ізденіске толы Аружан Задабекті көрермен асыға күтеді. Ұжымның кенжесі таңғалдырудан жалыққан емес. Кейіпкер кейіпіне еніп, мүгедектер арбасына отырды, көріпкел болды. Түрлі эксприментер жасап, тіпті өлген адамдармен сөйлесті. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Журналист ретінде менің мақсатым кез келген тақырыпты айтып қана қоймай көрерменге көрсету. Яғни, болып жатқан іс-әрекеттің барлығын бірінші өз бойымнан өткізу. Егер әр материалды өз бойыңнан өткізіп барып жасаған кезде ол көрерменге де тікелей әсер етеді және соған байланысты ықыласына бөленіп, қаралым да көбейеді деп ойлаймын. Телеарна - бұл шығармашылық ордасы. Тірлігі қауырт, жауапкершілігі үлкен. Әрбір қызметкердің өзіндік міндеті бар. Оны мінсіз атқаруға барын салады. Аяулы арулар, ардақты әріптестер өздеріңізге деген құрметіміз ерекше.