Футзалдан биылғы маусымның «В» лигасының жеңімпазы анықталды. Чемпионаттың аяқталуына екі тур қалғанда ешкімді жеткізбей кеткен «Astana TV» бірінші орынға түбегейлі тұрақтады.Өткен турда «Aqparat&Qogam» командасымен кездескен «Astana TV» өз қақпасына төрт гол жіберіп алғанымен өздері 10 голға артық соға алды. Дегенмен, таблода 14:4 есебі тіркелгенімен ойын телеарна жігіттері үшін сәтті басталған жоқ. Қорғанысқа ие бола алмай, қақпаларына жылдам екі гол жіберіп алды. Содан кейін ғана естеріп жиып, әрі қарай Министрліктің жігіттеріне еш мүмкіндік бермеді. Осылайша «Astana TV» жігіттері «А» лигасына бірінші орынмен жолдама алды. Бірақ, шыны керек, команданың ойыны керемет дей алмайсың. Құрамы да аға жасқа келіп қалған ойыншылардан құралған. Әйтсе де, ойындары тұрақты. Қорғаныста сауатты, шабуылда ширақ. Мүмкіндіктерін мүлт жібермейтін шабуылшылары бар. Басқалардан бар артықшылығы осы ғана. Әйтпесе, өзгелерден мықты дей алмайсың. Мәселен, «Bek Sport» командасының құрамы да, ойыны да қарымды. Дегенмен, тұрақтылық жоқ. Ойындары бірде көл, бірде шөл. Маусымның басты фавориттері саналған олар биыл екінші орынды қанағат қылуға мәжбүр. Өткен турда «Tumalas.kz»-тен 1:4 есебімен оңбай жеңіліп, бас жүлдеден үміттерін мүлдем үзді. Алда әлі екі тур барын ескерсек, мынадай ойындарымен екінші орыннан да айрылып қалулары ғажап емес. Оларды «Tumalas.kz» басып озуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, «Monkey Medıa kz» те өз ойындарын енді ғана таба бастағандай. «Qazcontent» командасымен кездескен олар голдан үй қаланған кездесуде 7:5 есебімен жеңіске жетті. Егер маусым басынан осылай ойнағанда, кім біледі, бәлкім, бұл команда да жүлделі орындардың бірінде болар ма еді?.. Ал қазір олар турнир кестесінде 4-орында. Бұдан артық көтеріле алмайды. Өйткені, өкшелеп «Kazaknews.kz» келеді. Өткен турда «Türkı tılmaş» командасымен кездескен Доған Йылдыз шәкірттері 2:3 есебімен жеңіліп жатып, соңына қарай жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп – 4:3, ойыны ала-құла болса да, «Kazaknews.kz» жігіттері үздік бестікте. BAQ LIGA