19 наурызда Қазақстанда ҚР Парламенті мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау өтеді. Сайлау күні елордада қоғамдық көліктер қалалық және қала маңындағы маршруттарда тегін болады, деп хабарлайды Zakon.kz.Астана әкімдігінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, қоғамдық көлік әдеттегі жұмыс кестесіне сәйкес сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін қатынайды. Ал 20 наурыздан бастап, дүйсенбіде қоғамдық көлік қолма-қол ақшасыз төлеммен штаттық режимде жұмыс істейді. 2020 жылдың наурыз айынан бастап елорда әкімінің тапсырмасы бойынша қаланың барлық кәмелетке толмаған тұрғындары үшін тегін жол жүру тәсілі енгізілген болатын. Сол сияқты азаматтардың жеңілдетілген санаттары, оның ішінде зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар және т.б. тегін жол жүруді пайдаланады.