Елордада ауыр хәлдегі 7 айлық нәрестеге бауыр трансплантациясы жүргізілді. Отаға «Қазақстан халқына» қоры қолдау білдірді, ал әкесі донор болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Менің ұлыма бауыр циррозы диагнозы қойылған. Ана мен бала орталығының дәрігерлері трансплантацияны емдеудің ең тиімді әдісі деп айтты. Әрине, мұны естігенімізде баламыздан айырылып қаламыз ба деген қорқыныш болды. Жұбайым донор болуға мүмкіндігі бар екенін білген соң, дәрігерлерге сеніп, барлық анализдерді бірден тапсырып, дайындықты бастап кеттік. Операциядан аман-есен өтіп, бір жеңілдеп қалдық. Қорқыныш болды, бірақ сеніміміз алдамады. Сондықтан, баламызды аман сақтап қалған Ана мен бала орталығының барша дәрігеріне алғыс айтамыз», - дейді анасы Қарлығаш. Баланың ағзасын ауыстыру үшін Жапония мен Непалдан мамандар шақыртылған. Операция «University Medical Center» корпоративтік қорының базасында өткізілді. Трансплантаттау барысына нәрестенің жасы (7 ай) мен салмағының аздығы (8 кг) әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар жағдайының өте ауыр болуы, тыныс алуының бұзылуы мен басқа да асқынулар қиындатты. Дегенмен, операция сәтті өтіп, жағдай тұрақтанған соң, бала мен әкесі ауруханадан шығарылды. Қазіргі таңда олардың жағдайы жақсы.