«Астана – мәдениет керуені» I Халықаралық әскери оркестрлердің музыкалық фестивалі аясында өнерпаздар Орталық саябақта, «Бәйтерек» монументінің жанында және «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында өнер көрсетті, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Орталық саябақта елорда тұрғындары мен қала қонақтары Үндістанның, Жапонияның және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің өнерін тамашалады. Үндістан Әскери-әуе күштерінің біріккен оркестрі көрермендерді марш әндерімен және классикалық әуендерді ұлттық нақышта орындауымен баурап алды. Оркестр өнерінің шеберлігі ұлттық аспап – табла барабанымен ерекше әсер берді. Астаналықтар Жапония Өзін-өзі қорғау теңіз күштерінің оркестрін құшақ жая қарсы алды. Күншығыс елінің ұжымы ежелгі жапон әскери музыкасы мен заманауи марштарды өзіндік үлгіде орындады. Өзбекстан Қорғаныс министрлігі Орталық ән-би ансамблі мен Орталық әскери оркестрінің әртістері өзбек халқының ұлттық нақыштағы әсем әуенінің қуатымен әсер етіп, жұртшылықты бауырлас республика өкілдерін бимен де, қошеметпен де қолдауға шақырды. Қазақстан Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрі үрмелі оркестрдің скрипкамен, флейтамен және ұлттық аспаптармен домбыра мен саз-сырнайдың әуенімен тамсандырды. «Бәйтерек» монументінде Ресей Федерациясы Батыс әскери округінің 23-ші әскери оркестрі өнер көрсетті. Николай Римский-Корсаковтың «Полет шмеля», Борис Фоминнің «Дорогой длинною» және басқа да танымал әуендерін ырғақпен бастап, өткен кезеңнің сағынышты ноталарымен қоса көпшіліктің көңіл күйін көтерді. Түркия Республикасы Ұлттық қорғаныс министрлігінің әскери оркестрі Мехмет Али Бейдің «Плевна маршы» атты тамаша шығармасымен музыкалық қойылымдарын бастады. Сазды топ өздерінің киім ерекшелігімен, көне сауыт-саймандарымен және әскери маршты орындаудағы ұлттық нақыштағы ерекше әуезді дыбыстарымен көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды. Қазақстан Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі барабаншылардың салтанатты өнерімен бастады. Олар астаналықтарды Елорданың туған күнімен құттықтады. Қазақстандықтар көрермендерді әйгілі қазақ халық әндері мен «Дос-Мұқасан» танымал вокалдық-аспаптық ансамблінің репертуарынан алынған тамаша попурримен баурап алды. «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығында Қытай Халық Азат ету армиясының әскери оркестрі жиналғандарды тәнті етті. Көрермендерге оркестр жетекшісі аға полковник Хан Янхуэйдің хоризмасы мен шеберлігі ұнады. Ол ұжымды басқаруда ерекшеленіп қана қоймай, көрерменмен байланыс орнатып, жұртты баурап аларлық көңіл күй сыйлады. Күн шуақты Әзербайжаннан келген Гейдар Әлиев атындағы әскери институттың оркестрі әуезділігімен және Әзербайжанның ұлттық үрмелі аспаптары – зурна мен балабанның айрықша дыбыстарымен таңғалдырды. «Джанги», «Домбыра» және басқа да танымал әуендер астаналықтарды жігерлендіріп жіберді. Қазақстан Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетілімді оркестрі Әділ Бестібаевтың «Жорға», «Алаш» тобының «Батырлар ұраны» және Ерболат Құдайбергеновтің «Мен қазақпын» шығармаларын орындады. Рухты көтеретін әуендерге ризашылық білдірген тыңдаушылар қошеметтерін аямады. Осы күндері өтіп жатқан әскери оркестрлер форумы еліміз бен Астанамыздың мәдени өміріндегі ең жарқын күндер ретінде халықтардың мәдениеті мен шығармашылық ұжымдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға арналған бірегей тұғырнамаға айналды. Музыкалық фестиваль ертең, 8 шілдеде сағат 12.00-де «Барыс Арена» мұз айдынында өтетін гала-концертпен аяқталады. Кіру тегін.