Астананың сол жағалауында екі көпқабатты паркинг пайда болуы мүмкін. Қазір осы жобаларға инвесторларды тарту мәселесі пысықталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Соның бірі - Бас прокуратура ғимараты мен Jusan Bank нысаны арасындағы аумақтағы көпқабатты автотұрақ. Сығанақ көшесінің бойында орналасқан ауданы 1,9376 га жер телімі жекеменшік негізінде «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ға тиесілі. «Қазіргі кезде акционерлік қоғам көп деңгейлі автотұрақ салуға инвесторлар тарту мәселесін қарастырып жатыр», - делінген Астана қаласы Көлік және жол - көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының «ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауалына берген жауабында. Екінші көпқабатты автотұрақ Жоғарғы Сот ғимаратының артында салынуы мүмкін. «Бұл аумақта 350 көлікке арналған тегін автотұрақ бар. Қазір осы маңда автотұрақ салу мәселесі пысықталып жатыр», - деп аталып өткен әкімдік мәліметінде.