Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов Конституция күніне орай елордада отшашу болмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астанада Конституция күніне орай өткізілген және өткізілетін шаралар туралы мәлімет ұсынылды. Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, жалпы қалада Конституция күніне орай 70-тен астам бұқаралық, спорттық-мәдени шара жоспарланған. Бүгінге дейін соның 20-дан астамы ұйымдастырылды. Алдағы күндері 50-ге жуық шара өтеді. Сол шаралардың ішінде республикалық бәйге турнирі де бар. «Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және қалалық Ат спорт түрлері федерациясының ұйымдастыруымен 30 тамыз күні ат спорты түрлерінен республикалық бәйге турнирі өтеді. Оған еліміздің бүкіл өңірі мен қалаларынан 100-ге тарта таңдаулы жүйрік қатысады. Бәйге «Қазанат» атшабарында өтеді. Шара сағат 11.00-де басталады. Сәйгүліктер 2 400 метрлік «ұшқыр бәйгеде», 18 шақырымдық «топ бәйгеде», 25 шақырымдық «аламан бәйгеде» бақ сынайды. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 20 млн теңге. Кіру тегін», - деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев. БАҚ өкілдері Конституция күнін тойлауға Астана бюджетінен қанша қаражат бөлінгенін сұрады. «Дәл Конституция күніне деп арнайылап қаражат бөлінген жоқ. Мәдени іс-шаралар тізбегі де, спорттық іс-шаралар тізбегі де жылдың басында бекітілген, жоспар бойынша өтіп жатыр», - деді Дәурен Бабамұратов. Сондай-ақ, ол Конституция күнінде отшашу болмайтынын айтты.