"Үй ауласындағы ойын алаңы талапқа сай емес". Астанада көпқабатты үй тұрғындары осылай деп шағымданды. Осы мәселемен олар құзырлы орындарға барып, шағымданған. Бірақ, нәтиже жоқ дейді.Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ: Бұл ойын алаңы деген аты болмаса, көріп тұрғандарыңыздай ешқандай жағдай жасалмаған. Айналасы күл-қоқыс. Айналмақтар сынып жатыр. Мынаған мініп майып боларын әбден мүмкін. Бұл көпқабатты үй осыдан 3 жыл бұрын көпбалалы аналарға берілген. Содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Ғимараттың іртетасы ойылып, сыртқы қаптамасы түсіп жатыр. Ойын алаңы мүлдем талапқа сай емес. Жазира Сариеваның баласы осы жерде ойнап жүріп жарақаттанған. Жазира САРИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Ауламыз мінекей басқа аулаларға барып көрсеңіз, ЖК да мынадай топырақ жоқ. Топырақпен үйімізге топырақ кіреді балалармызбен, аяғы шықырлап. Алаңымыз анау шұрық -тесік. Менің балам қазір мұрнын сындырды. Енді түнімен қорылдайды. Кәдімгідей уже көздерінің астының бәрі қарайып нетіп жатыр. Баспана иелерінің айтуынша, мұнда абаттандыру жұмыстары да жүргізілмейді. Егілген ағаш суарылмайды. Осы бойынша жауапты мамандарға барған. Нәтиже жоқ. Меруерт САБЫРБАЙҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бала ойнайтын аула жоқ. 700 бала Қытайдың қорғанында тұрып жатырмыз. Қопарылмайды, суарылмайды, элементарно суарылмайды. Қараңыз, сыртындағы, ауланың сыртындағы шыршалар қандай, сарғайып кеткен. Міне, ешқандай абаттандыру жоқ. Осындай жерде біз тұрып жатырмыз. Ал, құзырлы орган өкілдері бұл жағдайдан хабардар. Мәселе біртіндеп шешіледі дейді. Бахтияр ТОПАЕВ, «АЛМАТЫ» АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ АБАТТАНДЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Аталған жағдайдан хабардармыз. Бірақ аулада абаттандыру жұмыстары биылға жоспарланбаған. Тек 2024 жылдың жұмыс жоспарына қосылатын болады. Сол уақытта барлық абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал, биылға жөндеу-қалпына келтіру жоспарланып отыр. Тұрғындардың енді күтуден басқа амалы жоқ.