Астана қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова бетперде тағуды ұсынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.Жыл басынан бері елордада қызылшаның 2278 бастапқы және 609 расталған жағдайы тіркелген. Бас дәрігер осылай деп дабыл қақты. "Өткен баяндамамда атап өткенімдей, ауру ересектер арасында көбейе бастады, онда қарқынды көрсеткіш 25,2%-дан 40,2%-ға өсті. Бұл ретте, жүргізіліп жатқан қосымша жаппай иммундау желтоқсан айымен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі, 1 жастағы және 2 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанушылықтың төмендеуіне әсер етті, – деді Сархат Бейсенова. Бас дәрігер өршіген ауруды тоқтату мақсатында қала тұрғындары мен қонақтарына маскалы режиге өтуді ұсынды. "Ауа арқылы берілетін жұқпалы аурулардың өсуін назарға ала отырып, жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 8 ақпандағы №2 қаулысы шығарылды, оған сәйкес халық көп жиналатын жерлерде медициналық немесе мата маскаларын пайдалану ұсынылады. Атап айтқанда, біз әуежайлар, теміржол вокзалдары, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚО, банктер туралы айтып отырмыз", – деді бас санитарлық дәрігер.