Астана полициясы төрт жылдан бері мемлекетаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматын ұстады. Ол кісі өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Zakon.kz.Елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, күдікті ер адам 2019 жылдан бері Астанада жасырынып келген. Ол Өзбекстанда ауыр қылмыс жасады деген сөзден кейін бірден осында келген. "Іздеу" рейдінің барысында полиция қызметкерлері 31 жастағы қашқынды тауып, Астанадағы уақытша ұстау изоляторына қамады. Алдағы уақытта оны экстрадициялау мәселесі қаралады, дейді полицейлер. Бұған дейін Ұлытау өңірінде үш жылдан бері іздеуде жүрген адам өлтіруге оқталған үш күдіктіні полиция қызметкерлері ұстағаны белгілі болған.