Астанада сот жалған банк қызметкеріне қатысты үкім шығарды. Оған алаяқтық жасады деп айып тағылды.Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, азамат Ш. 2019 жылдың 24 қыркүйегі мен 2022 жылдың 14 қазаны аралығында банк қызметкері ретінде өзін таныстыра отырып, жәбірленушілерге 5%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерде ай сайынғы төлемдерді және банкте ипотекалық қарызды тиімді шарттармен ресімдеуге көмек көрсетуді уәде ете отырып, өзі жүзеге асыратын қызметке ақшалай қаражат салуды ұсынған. Ал өзінің іс-әрекетінің сенімі үшін ол қайтару мерзімін көрсете отырып, қолма-қол ақшаны қайтару туралы қолхат берген. Осылайша, сотталушы алаяқтық жолмен жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам аса ірі мөлшерде 37 жәбірленушінің ақшалай қаражатын иемденіп, өз қалауы бойынша билік етті.Прокурор айыптауды қолдап, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады және іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмағаны үшін оны ақтауды сұрады. Жәбірленушілер бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, кепіл шарттарымен, хат-хабарлармен, қолхаттармен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді. "Сот сотталушыны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге жеке тұлғалардың ақшалай қаражатын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ". Астана қалалық соты