Астанадағы «Сарыарқа» сауда, ойын-сауық орталығында эскалатор кенеттен қатты жүріп кетіп, салдарынан екі ересек және бір бала зардап шекті. Болған оқиғаны Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов растады.«Есіл ауданы, Тұран даңғылы, 24 мекенжайындағы «Сарыарқа» СОО-да алдын ала мәлімет бойынша, эскалатор 3-қабаттан 2-қабатқа кенет қатты түскен. Ол уақытта эскалаторда 20-ға жуық адам болған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, төменге қатты түсуден екі ересек және бір бала аздаған дене жарақатын алды», - деді Р.Иманқұлов. Ресми өкілдің айтуынша, оқиға 31 наурыз күні сағат 23.52-де болған. Зардап шеккен адамдар медицина мамандары қарағаннан кейін үйлеріне жіберілді.