Елордада "Таза Қазақстан" экологиялық фестивалі өтті. Оған жүз елуге жуық мектептен алты жүзден астам дарынды бала қатысты. Олар қоқыс қалдықтарынан түрлі бұйымдар жасап, қоршаған ортаны қорғауға арналған тың бастамаларымен бөлісті. Томирис Игісінова- 6-сынып оқушысы. Үстіндегі көйлегін құрылыс қалдығынан жасаған. Жапырақшаларды кесіп алып, арнайы желіммен ескі киіміне жабыстырыпты. Барлығына 5 күн уақыт кеткен. Осы арқылы қоқысқа екінші өмір сыйладым дейді ол. Томирис ИГІСІНОВА, ОҚУШЫ: Менің көйлегім теплордтан жасалған. Біз оны анаммен күнімен-түнімен жасадық. Соның арқасында әдемі көйлек шықты. Менің үстімдегі ескі көйлегім. Оны жаңартып әдемі көйлек жасадым. Зоя Баймұханова 35 жылдан бері білгенін оқушыларына үйретуде. Білікті ұстаз мұндай шаралар тәжірибе алмасып, балалардың биік белестерді бағындыруына септігін тигізеді дейді. Зоя БАЙМҰХАНОВА, №91 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: Фестивальдер өтуде, содан үйренеміз. Идея аламыз. Бір мектепте өзіміз жасап жатсақ, басқа мектепке қарап жақсы жасағымыз келеді. Қалдықтарды далаға тастамай, оны тиімді пайдалануды балаларға үйреттік. Оқушыларға, ата-аналарға алғысымыз шексіз. Себебі, ұжыммен осы жұмыстарды жасай алдық. Шара Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтті. Оған шаһардағы 97 мемлекеттік және 50 шақты жеке білім ордасының оқушылары қатысты. Жанар БЕЙСЕНБАЕВА, "АСТАНА ДАРЫНЫ" ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Адамдар тек қоқысты көрсе, біздің қатысушылар одан шабыт алып, екінші өмір сыйлайды. Өздеріңіз көріп тұрғандай бұл жерде керемет бұйымдар өте көп. Барлығы да қалдықтардан жасалған. Қатысушылардың ойлау қабілеті мен фантазиясында шек жоқ. Бұл шараның басты мақсаты балаларды эко-мәдениетке баулу, қаламызды таза ұстап, патриот болуға шақыру. Ұйымдастырушылар акция алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты. Тек оқушылармен шектеліп қалмай, ересектерді де шараға қатысуға шақырмақ. Осылайша қоршаған ортадағы қордаланған мәселелердің шешімін табамыз дейді.