Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мамандары тұрғындардың өтініші бойынша лифттерді пайдалану мәселелері жөнінде көппәтерлі тұрғын үй кешеніне барды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.Көшпелі кеңес барысында лифтілерге өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тиісті аттестатсыз лифт ұйымы қызмет көрсететіні анықталды. Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштерді монтаждау, техникалық қызмет көрсету, техникалық диагностикалау, техникалық куәландыру және жөндеу бөлігінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аттестаты болуы қажет. Кеңес қорытындысы бойынша жауапты басқарма тиісті шаралар қабылдау үшін Астана қаласы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаментіне хат жолдады. Басқарманың хатын қарау нәтижелері бойынша департамент қызмет көрсететін лифт ұйымына қатысты ҚР ӘҚБтК 463-бабы, 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, материалдар сотқа жіберілді. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен қызмет көрсететін лифт ұйымы ҚР ӘҚБтК 463-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік айыппұл өндіріп алумен, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айта кетейік, ҚР ӘҚБтК сәйкес лицензиясыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірісті (дивидендтердi), ақшаны, бағалы қағаздарды қосымша тәркiлеуге әкеп соғатынын атап өткен жөн.