Астана полицейлері пәтер ұрыларын ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.Астана қаласы ПД қызметкерлері уақытша ұстау изоляторына пәтер ұрыларын қамауға алды. Елорда тұрғыны жаңа жыл қарсаңында белгісіз адамдар екі қабатты коттеджге кіріп, сейфтен жасырын түрде 1000 еуро, 1500 АҚШ доллары, гауһар тастары бар алтын бұйымдар ұрланғаны жөнінде полицияға жүгінген. Келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 10 млн теңгені құраған. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында «Нұра» ауданының полиция қызметкерлері пәтер ұрыларының тобын ұстады. Күдіктілер – облыстардың бірінің 26 және 28 жастағы екі азаматы. Олар елорда маңындағы ауылда тұрып, еш жерде жұмыс істемегені белгілі болған. Сондай-ақ олардың бұрын ұрлық пен тонау үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны да анықталған. Күдіктілер қала ішін таксимен жүріп аралаған. Сөйтіп ер адамдар астаналық жәбірленушінің пәтеріне торды бұзып, пластикалық терезені майыстырып, кірген. Олар пәтердің иелері жоқ екеніне алдын ала көз жеткізген. Жауап алу барысында аталған азаматтар мойындау айғақтарын беріп, заттай дәлелдемелер алынды. Ұрылар ақшаның бір бөлігін жаңажылдық мерекелерді атап өтуге жұмсап та үлгерген. Қазіргі кезде күдіктілердің елорда аумағында бұрын жасалған осындай басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.