Амал – ауызбіршілік мерекесі. Мән-мағынасы терең, ежелден келе жатқан дәстүрлі мейрам. Әріптесім Аружан Задабек астаналықтарды айтулы күнмен құттықтады. Бұл күнді кім қалай тойлайтынын сұрады.Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Құрметті көрермен, мал-жан аман ба? Қыстан аман шықтыңыздар ма? Бүгін -ерекше күн. Бүгін -амал мерекесі, көрісу күні. Бүгін -өзгеге шуақ шашатын, мейірім төгетін күн. Мерекені атап өтейін деп қазақы әдемі көйлегімді киіп, қала көшелерін араладым. Елорда тұрғындары үкілі бөрік, бүрмелі көйлек киген қыздарға көзі үйренбесе керек, таңданып, тамсанғандарын жасырмады. . «Бір жасың құтты болсын!». Бұл күні жұрт бір-біріне дәл осындай тілек айтады. Әрі қарай тұрғындарды мерекемен құттықтадым. Халық мұндайды күтпесе керек, абдырап қалды. Араларында ерекше мерекенің мән-мағынасын жақсы білетіндер де кездесті. Бірден құшағын ашып, бауырына басты. Тұрғындардан мерекені қалай тойлайтындарын сұрадым. Араларында бүгін мейрам екенін білмейтіндер де кездесті. БЛИЦ: - Бүгін қандай мереке? - Позор қылдыңдар ғой. - Қандай мереке? - Алғыс айту. Бұл күні қазақ халқы бір-бірінің үйіне барып, өкпе-реніштерін ұмытып, бір-біріне жақсылық тілеп жарысады. Астаналықтар да мерекеге орай өкпелетіп алған жақындарынан кешірім сұрады. БЛИЦ: - Ата-анамнан кешірім сұрайтын едім. - Шерхан деген баладан кешірім сұраймын. Ұрысып қалғанбыз ғой. - Туған-туыстарымнан кешірім сұраймын. Тіршілік қуған қым-қуат заманда мерекенің мәнін кейде сезінбей жатамыз. Бірақ, ұмытпайтын бір нәрсе бар. «Амал күні қазағым көріседі, Көрісу бұл көненің жемісі еді».