500-ге жуық астаналық заңгерлерден тегін кеңес алды. Бұл «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акция аясында ұйымдастырылды. Тұрғындар сондай-ақ, құқықтық сауатын арттырды. Қала тұрғыны Ғалима Боранбаева «Болашақ» бағдарламасы бойынша көптен бері армандаған жоғарғы оқу орнына шақырту алған. Алайда шәкіртақысынан айырылып, қиындықтарға тап болады. «Халық заңгері» шарасына дәл осы мәселесімен келіпті. Ғалима БОРАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:Бұған дейін Жоғарғы сотқа жүгінгем. Республикалық комиссия деңгейінде мәселенің шешілмейтіні туралы айтылды. Ал мына шара жөнінде әлеуметтік желіден білдім. Мұндағы заңгер Конституциялық сотқа баруыма болады деді. Білікті мамандардың жауабына қанағаттандым. Тұрғындар мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмай, бір мезетте білікті адвокат, нотариус, прокурор, сот орындаушылардың көмегін алды. Нотариус Арайлым Бейсенбаева кеңес беріп қана қоймай, мәселесін айтып келген тұрғынға алдағы уақытта шартты тегін істеп беруге уәде беріпті. Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, НОТАРИУС:Бүгінгі халықтың жиналғанына қарағанда бұл маңызды шараның халыққа қажеттілігін көрсетеді. Екі пенсионер кісі келді. Ол кісілер өздерінің нотариус алдында қандай жеңілдіктері барын білмейді, жекеменшікті қалай заңдастыру керектігін білмейді. Сол мәселелерді түсіндіріп, жыл сайын осындай қызмет көрсетіп жүрміз. Игі іске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Әділет министрлігі атсалысты. Жігер БАЙДІЛДИН, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ПРЕВЕНЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:Республика бойынша 195 пунктте осындай «Халық заңгері» акциясы жүргізілуде. Халық көбінесе жер мәселесі бойынша, сонымен қатар түрлі салалар, КСК бойынша көптеген сұрақтармен келеді. «Халық заңгері» акциясы дәстүрлі түрде 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында акцияға 8000-нан астам үздік сарапшы қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 165 000-нан астам азамат консультация алды.