Мектептердегі қауіпсіздік шаралары әлсіз. Бейнебақылау камераларының 62 проценті жедел желіге қосылмаған, ал мектеп күзетшілері арнайы дайындықтан өтпеген. Шалғай өңірлерде тіпті бұның бірі де жоқ. Ал оқу-ағарту министрінің айтуынша барлығы қамтылған. Барлық мектеп жабдықталған. Бұл қаншалықты рас? Үкімет отырысына барып келген әріптесім, Ақбота Базарбай жалғастырады.Білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз қамтылған. Ал жедел басқару орталықтарына 6 мыңға жуық білім ошақтары қосылған. Бұл оқу-ағарту министрінің дерегі. Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: 2020 жылмен салыстырғанда бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету 2,5 есеге, жедел басқару орталықтарына қосылу 11 есеге, лицензияланған күзетпен қамту 7 есеге, дабыл түймесін орнату 21 есеге артқан. Ал Марат Ахметжанов оқу ағарту министрінің айтқандарын жоққа шығарды. Айтуынша, мектептерде орнатылған бейнебақылау камераларының біразы істен шыққан, жартысынан көбі жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: Петропавл қаласында 15 мектепте тиісті шарттар тек ақпанның соңында ғана жасалған. Оның ішінде жуырда төтенше жағдай орын алған №4 мектеп те бар. Солтүстік Қазақстан облысында 201 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу мәселесі әлі күнге дейін аяқталмаған. Маңғыстауда – 154. Ақтөбеде – 107. Абай облысында – 19. Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Осылай деген Премьер-Министр мектептердегі қауіпсіздік шараларына көңілі толмайтынын жеткізді. Кей мектептерде күзет қызметімен тіпті келісім шарт жоқ дейді. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Атқарылған шараларға қарамастан, өңірлерде проблемалар әлі де жеткілікті. Бейнебақылау орнатылған мектептердің арасында камералары стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін мектептер де бар. Еліміздегі 1100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бақылау режимі қатаң сақталмайды. Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне 1 сәуірге дейін мектептерді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтауды тапсырды.